REPORTS
КВАНТТЫҚ СҰЙЫҚТАР ТЕОРИЯСЫНДАҒЫ ГРИН ФУНКЦИЯЛАРЫ
Т. Б. Қоштыбаев, К. К. Жантлеуов, М.Е. Алиева
Abstract
Мақала корпускула‒толқындық екіжақтылық және кванттық статистикалық үлестірімдерге негізделген макроскопиялық жүйелердегі процестерді Грин функциялары тәсілімен теориялық тұрғыда зерттеуге арналған. Нақты айтқанда, идеал ферми‒сұйықтың Грин функциялары, бір және екі бөлшектік Грин функциялары, шекті температураға және Дирак, Шредингер теңдеулеріне арналған Грин функцияларының ерекшеліктері мен қасиеттері талданып көрсетілген. Көпбөлшекті кванттық жүйелерде өтетін процестер мен сондағы бөлшектерге арналған теңдеулерді шешуде Грин функциялары әдісін қолданудың тиімді тұстары сараланған. Нақтылы бір оператор мен шекаралық шарттар үшін Грин функциясын анықтап, осы функцияның көмегімен сұйықты сипаттайтын теңдеудің шешімін интеграл түрінде жазуға болады. Бұл әдістің өзіндік бір ерекшелігі кванттық механика мен статистикалық механика заңдылықтарына жүгінетін кванттық макрофизиканың осы тектес есептерін шығару барысында математикалық физикадағы Фурье әдісі, интегралдық түрлендірулер әдісі мен арнайы функциялар, математикалық талдаудың әдістері қолданылады. Тақырыптың өзектілігі кванттық құбылыстарға Грин функцияларын қолдану тәсілімен байланысты екендігін айтып өттік. Себебі, бұл тәсіл түрлі процестерге сәйкес келетін дербес туындылы дифференциялдық теңдеулерді шешудің ең бір қолайлы тәсілдерінің біріне саналады, яғни құбылысты сипаттайтын дифференциялдық теңдеуден соған эквивалентті түрдегі интегралдық теңдеуге өтіп, Грин функциясы қатысатын осы теңдеуді шешу қажет болады. Дифференциялдық теңдеуден интегралдық теңдеуге өту барысында импульстік көрініске ауысу, комплекстік айнымалылыр арқылы Фурье түрлендірулері жасалынады. Нөлдік және бірінші жуықтау шарттары бойынша интегралдық өрнектерге қол жеткізіліп, құбылыстың ерекшеліктеріне қарай интеграл шектері бойынша интегралдауды орындау арқылы нақты шешімдер алынатын болады. Қарастырылған макроскопиялық жүйелер толқындық функциялары тұрақты, ал физикалық шамаларға сәйкес қойылатын операторлары уақытқа тәуелді болатын гейзенбергтік ұстанымға сәйкестендірілді. Есептеулер сыртқы өрістің әсері ескерілген және ескерілмеген жағдайлар үшін жүргізілді, сонымен бірге нөлінші және бірінші жуықтау шарттарына сәйкес келетін нәтижелер келтірілді. Макроскопиялық жүйелердің Грин функцияларын есептеу амалдары тұйық жүйенің негізгі кванттық күйі және Гибсс үлестірімі бойынша орташалау арқылы іске асырылғандығын айта кету керек.